Қазақ жазуын кириллица алфавитінен латын қарпіне аыстыру идеясы жаңалық емес: бұл мәселе талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың желтоқсанында бұл қадамға бет бұруымыз тиіс екенін анық айтқан болатын. Мәселенің шешімі 2025 жылы түпкілікті тиянақталуы тиіс. «Бұл қазақ тілінің дамуына қоса оны заманауи ақпарат тіліне айналдырады», деп мәлімдеді ел Президенті.
Егер ел латын жазбасына көшетін болса, онда ол жергілікті халыққа да, шет елдіктерге де, қазақ тілін меңгеруді жеделдетеді.
-Біз ұлттық мүддемізді ескеруге ұмтылуымыз тиіс деп есептеймін. Түркі әлемінің барлық халықтарының латынға ауысуы бір-бірін түсінісуіне, жақындасуына септеседі.
Латынға көшудің артықшылығы да, олқылығы да баршылық. Артықшылығына келер болсақ, ол - заман талабы. Біз ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Әлемдегі адамзаттың басым бөлігі осы қаріпті қолданады. Біз Ғаламторды пайдаланғанда осы тұйыққа тірелеміз. Қазақ алфавиті спецификалық әріптерімен жиі оқыла бермейді. Сондықтан қиындық туындайды. Мұндай сәтте латынның пайдасы мол болатын тәрізді. Екіншіден, біз оған дайын емес сияқтамыз. Сондықтан латыншаға көшуді мектептен, балабақшадан бастауымыз тиіс. Әсіресе ол ересектер үшін өте қиын болады.
Жалпы алғанда, жазу, алфавит ауыстырылымы - ауқымды саяси мәнді мәселе. Ол жөнінде ашық айтуымыз қажет. Жазу алмастырудың артықшылығы да, кемшін тұсы да баршылық. Артықшылығы - ерекшелігіміз, әлемдік интеграциямыз сақталады, ақпарат алуға мүмкіндігіміз кеңейеді. Латын әрпі, ағылшын тілі тәрізді, әлемде кең тараған. Біріншіден, латыншаның арқасында жастарымызға Ғаламтордан ақпарат алуға, білім-ғылым саласында кеңістікке жиі қол жеткізуге, жедел танысып-оқуға мол мүмкіндік туындайды. Екіншіден, еліміз үшін Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан секілді елдермен бірыңғай жазу пайдалырақ болады. Олқылығын да ашық айтқанымыз жөн. Қазақ мектептерінде оқулықтардың басым бөлігі жеткіліксіз. Егер жазуымызды ертең ауыстырар болсақ, онда бастауыш, орта мектептерде оқу құралдарын, көркем әдебиетті қолма-қол латыншаға ауыстыру қиынға соғады.
Күлән ОМАРОВА,
№2 орта мектеп-лицейдің
тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы.