Осыдан 89 жыл бұрын қазіргі Ерейментау қаласының орны шөп өскен алаңқай болыпты дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Мұрағат деректеріне зер салсаңыз - қала құрылысының қалай басталғаны туралы көп дерекке қанығасыз. Енді қысқаша шолу жасап көрейік... Якуб Измаилов бастаған алғашқы 700 құрылысшы Атбасардан келіпті. Олардың қатарын Мəскеуден, Ленинградтан жеткізілген жұмысшылар, қуғын-сүргінге іліккендер де толықтырған. Үй құрылысына қыс ішінде қаладан 8 шақырым жердегі Құсмұрын тауының карьерінен тас қазуға тура келген. Жұмыскерлер күн сайын жаяу барып жүрді. Атқарған жұмысына бір бөлке нан беріліп тұрды. Еңбекақысы тек тек көктемде, үйілген штабель текшесіне сəйкестеліп төленді. Құрылыс учаскесінің алғашқы бастығы Мироненко болса, бастапқы үйдің іргетасын Т.Ағыбаев, Ж.Сыздықов, Қ. Нұрмағамбетов, Т.Ахмедияров, И.Рыков, А.Драган, И.Артеменко, Е.Хохленко, В.И.Рыков, А.Серва, Г.М. Серва, И.Ткачева, И.Демченко, ағайынды Иван мен Василий Фольгайзерлер, М.Точилин, О.Аушев, Я.Измаилов, М.Лихтенвальд, А.Нечаев, Е.Киян,В.Елецкий, Б.Г.Воробьев,В.И.Каркавин,В.Черевко қалаған екен. Бəрін атап түгесе алмаймыз. Олар бауырлас дос, сыйлас əріптес, ой-ниет, арман-мақсаты бір арнаға тоғысқан жандар болды. 1948 жылдың маусым айында қазіргі Бөгенбай батыр музейі орналасқан алғашқы тас үйдің құрылысы тəмам болды. Ертеректе бұл ғимаратта аудандық аурухананың бөлімшесі қоныстаныпты. Сол жылы теміржол вокзалы салынды. Күз де білінбей жақындады. Тұрғын үй мəселесін шұғыл шешетін уақыт келді. Кезек бойынша құрылыс материалын алған құрылысшылар өздеріне үй сала бастады. Жұмыс демалыс-мереке күндері де жалғасып жатты. Тамыздан қыркүйекке дейінгі аралықта бəрі жер үйге көшірілді. Қыс қатты болды. Күн сайынғы ат құлағы көрінбейтін боранда жер үйлерді төбесіне дейін қар жүріп кетті. Құрылысшылар қиындыққа мойымады. Өйткені халық ұйымшыл, заман ауыртпалығына əбден көндіккен, іске шынығып-төселген болатын. 1952 жылы жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің асханасы, дүкені, наубайханасы іске қосылды. 1953 жылдың желтоқсанында «Ерейментау-Ақмола» темір жолымен алғашқы пойыз жүргізілді. Іле теміржолшылар клубы салынды. Дружба көшесінің клубтан вокзалға дейінгі аралықтағы үйлері 1954 жылы салынып бітті. Кенесары көшесіндегі жатақхана (қазіргі «Едіге» тойханасы). аупарткомның ғимараты (халық соты), №74 мектеп (Т. Шаханов атындағы №3 орта мектеп), депо, тұрғын үйлер іске қосылды. 1964 жылы Сəкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернат, алғашқы төрт қабатты үй, аурухана, өзге ғимараттар халыққа есігінМайқара ашты. «Ақмола-Павлодар» темір жолының құрылысы аудан экономикасына тың серпін берді. Соғыстан кейін салынған «Ақмола-Павлодар» темір жолы Екібастұз көмір кеніші арқылы өтті. Қаламыз осыжолдың бойындағыстанса ретінде бой көтерді. Бертін табиғи материалдар даярлығы, жол белгіленімі, қопарылыс жұмысы, Шымбұлақ өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы қолға алынды. Ерейментау ауданы жаңағы 89 жылдың ішінде өркендеп-дамыды. Бүгінде сарғайған, кезінде түсірілген фотосуреттерге зер салсаңыз- бір кездері өңірдің сайын дала болғанына, енді қаншалықты өзгергеніне көзіңіз сенбейді. Өңірімздің келешекте де қарыштап дамитынына, жаңа үй салынатынына, ескісінің де сақталатынына үміттіміз. Өйткені өткеннің бүгінгімен тығыз байланысы барын ұмытпауымыз шарт. Аудан күні қарсаңында қаланың байырғы жəне бүгінгі тұрғындарына мыңдаған адамдардың еңбегімен жасалған игіліктің аман сақталуын, қала мəртебесінің асқақтай беруін тіледім.
Людмила МАРКОВА