Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында заманауи қоғамға лайықталған нақты міндеттер межеленді. Адамды, тұтас қоғамды бағалаудың негізгі жүйесінің бірі - бәсекеге қабілеттілігі. Жаңа графикаға көшу үрдісі салмақты да кезеңдік тәсілді қажет етеді. Халық арасында латын графикасының түрлі нұсқалары талқылануда. Көбі өзінің аты-жөнін жаңа транскрипцияда жазып көруде. Əсіресе бір кездері мектепте неміс тілін оқығандар кейбір әріптердің мәніне таңқалып жүр. Жаңа графика өмірімізге біртіндеп еніп келеді. Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов парламенттік тыңдау кезінде осы мәселеге арналған өз пікірін ортаға салды. Ол қазақ алфавитінің латын графикасының нұсқаларын даярлау барысында түрлі сала мамандары мен мекемелерінен бірсыпыра ұсыныс келіп түскенін айтты. Мемлекеттік тіл алфавитінің нұсқасын таңдағанда ғылыми ұстаным негізге алынды, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, алфавит құрастырылымының жалпы теориясы мен практикасы ескерілді. Ғалымдар ұсынған алфавитке 25 әріп енгізіліпті. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толыққанды қамтамасыз ету үшін, сегіз спецификалық дыбысты белгілейтін, сегіз диграф (бір дыбыс тәрізді естілетін екі әріптің қосылысы) енгізілген болатын. Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жаңағы мәселеге қатысты өзінің ой- пайымын ортаға салды. Ол бүкіл жұмыстың жоспарлы негізде, асығыссыз, жүйелі, тиісті кесте бойынша жүргізілетінін айтты. Маман дайындау, кітап, нормативті сөздік, грамматика басылымы мәселесі алдын-ала қарастырылатын болады. Ізінше нормативті оқулықтар, оқу-әдістемелік көмекші құралдар жаппай таралыммен баспаға жіберіледі. Орыс тілі пәнін оқытуға кириллицаның қалдырылатынын ерекше даралады. Сәйкес негізде, қазақ, ағылшын тілінен өзге пәндердің бәріне кириллица графикасы қолданыла береді. Осылайша латын қарпі тек қазақ тілі мен қазақша оқытылатын бүкіл пәндерді ғана қамтиды. Парламенттік тыңдау кезінде Латын графикасындағы мемлекеттік тіл алфавитінің бірыңғай стандарт жобасы ұсынылды. Бұл жоба әлі бекітілген жоқ. Тыңдау ісі де бүкілхалықтық т алқылауға түспек. 14 қыркүйекте облысымыздың орталығы Көкшетау қаласында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен, жұртшылықпен, Тіл оқыту орталығы, баспасөз, атқару органдары өкілдерімен бірлескен, қазақ тілін латын қарпі нұсқасына ауыстыру мәселесіне арналған форум өтті.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА